Список статей
Бурабай ауданында «Рухани жаңғыру» кабинетінің ашылу салтанаты өтті

Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласындағы №7 мектеп-лицейінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын насихаттау мақсатында аудандық «Рухани жаңғыру» кабинетінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

«Рухани жаңғыру» кабинеті – туған жердің тарихына, әдебиетіне, салт-дәстүріне деген сүйіспеншілігін арттыру, азаматтардың бойында патриоттық сезімдерін қалыптастыру мақсатында құрылды.

Аталған кабинеттің ашылу салтанатына Бурабай ауданының әкімі Қанат Қарауылов, аудан әкімінің орынбасары Марпуға Нұрпанова, аудандық мәслихаттың хатшысы Өтелбай Бейсенов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Малгелді Жұмағұлов, облыстық білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің бөлім басшысы Сұлушаш Қожахметова, білім бөлімінің басшысы Жангелді Төлегенов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Дина Қарсыбаева, колледж, мектеп, балабақша басшылары, аудан кітапханашылары, еңбек ардагерлері және жоғары сынып оқушылары қатысты.

«Рухани жаңғыру» кабинетінің ашылу шеңберінде қатысушылардың назарына бірінші қабаттағы киіз үйде «Ауылым алтын бесігім» атты қазақтың салт-дәстүрінен көрініс көрсетілді. Қонақтар дастарханға қойылған ұлттық тағамдармен таныстырылып, киіз үйдің сыртында балалардың қатысуымен өткізілген ұлттық ойындарды тамашалады.

Екінші қабаттағы технология кабинеттерінде оқушылардың қолымен жасалған ұлттық тағамдар және қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды. Шәкірттер көрмедегі әрбір заттың жасалу жолымен, құрамымен таныстырды. Содан кейін мектептің спорт залында ұмыт болған ұлттық ойындар өткізілген. Сонымен қатар, аудандағы дарынды және талапты жастарыдың ғылыми жұмыстарынан көрме ұйымдастырылып, келген қонақтар үздік жұмыстармен таныстырылған. Қатысушылар мектептің үшінші қабатында орналасқан «Рухани жаңғыру» кабинетінің салтанатты ашылу рәсімінде де болды.

«Рухани жаңғыру» кабинетін салтанатты түрде ашу құрметі Бурабай ауданының әкімі Қ.Қарауыловқа берілді.

Кабинетті презентациялау барысында оның келесі бөлімдерден тұратыны баяндалды: «Туған өлке табиғаты», «Бурабайым – алтын бесік тербетілген», «Өткеннен елес», «Тарих беттерінен», «Тарихи тұлғалар», «Өткен күннің тарихы», баяндау негізіне фотосуреттер қолданылды. Сол сияқты, қазақ елі тарихынан сыр шертетін кітаптар мен латын әліпбиінің үлгісі таныстырылып, теледидардан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жайлы бейнероликтер көрсетілді.

Бұл кабинет болашақта жас ұрпақтың тәрбиесіне өзіндік қомақты үлесін қосатыны сөзсіз.

Автор: Ш. Утебаева
Просмотров: 203
Дата создания: 15 Февраля 2018 г.
Дата редактирования: 15 Февраля 2018 г.
www.egov.kz
Опрос